ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде биылдан бастап ерекше балаларға арналған жүзуден тегін үйірме ашылды. Үйірме жетекшісі – жүзу спортының Ақтөбе облысы бойынша жаттықтырушысы Аслан Бажиров. Ал бұл игі іске қолдау білдіріп, қаржылық көмек көрсетіп жатқан – комбинаттың кәсіподақ комитеті.

Бейімделген спорт бүгінгі таңда ерекше қажеттіліктері бар балалардың қимыл-қозғалыс бұзылыстарын түзету үшін, физикалық дамуын ынталандыру үшін қажет. Осы мақсатта ашылған секцияның жеті қатысушысы жақында Ақтөбе қаласында өткен параолимпиададан жеңіспен оралды. Онда балалар 7-18 жас аралығында және диагноздары бойынша сынға түскен болатын. Олар 50 метрге жүзуде тамаша нәтижелер көрсетіп, жүлделі орындарды иеленді.

«Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесі спорт клубының ұйымдастыруымен өткен облыстық параолимпиадаға хромтаулық бүлдіршіндер жарты жылдың көлемінде дайындалды.

– Кәсібіңді қолдап, демеу беретін аға буынның бары қандай жақсы, — дейді Дөң тау-кен байыту комбинатының дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің жаттықтырушысы Аслан Бажиров. – Осы секцияны ашу, қолға алу – комбинатымыздың кәсіподақ комиті төрағасы Елтай Утегуловтың бастамасы. Үйірмеге көбіне комбинат қызметкерлерінің балалары қатысуда. Бұл спорт түріне олардың қызығушылықтары жоғары. Ал облыстық олимпиадада біздің қатысушылар 47 баланың ішінен бірінші, екінші және үшінші орындарға ие болды. Алғашқыдан-ақ мұндай нәтижеге жету – олар үшін үлкен жеңіс.

– Қаламызда мұндай үйірменің ашылуы бізге өте маңызды. Балалардың денсаулығынан асқан қымбат нәрсе жоқ, — деді Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы атындағы шахтаның кеншісі Анарбек Балмағанбетов. – Ұлым биыл онға толады. Ол бұрын жүзе алмайтын. Биыл бірінші рет жүзіп үйреніп, жарысқа да қатысып келді. Өзіне сенімділігі артқандай. Жаттықтырушылары әр баламен жеке жұмыстанып, нәтижеге қол жеткізеді. Соны байқадым. Ұлым үшін қуаныштымын, — деп ризашылығын білдірді.

Параолимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Дөң тау-кен байыту комбинаты кәсіподақ комитетінің төрағасы оларды ата-аналарымен дене шынықтыру және сауықтыру кешеніне жинап, оларды жеңістерімен құттықтап, естелік сыйлықтар тарту етіп, сәттіліктер тіледі.

 Арайлым Ғани

Алексей Пименовтың фотосуреттері

Comments are disabled.