Жақында Алматы қаласында тұңғыш рет «Жас қанат. Балалар – 2023» республикалық байқауы өтті. Республика сарайында өткен байқауда хромтаулық Балым Нысаналы Ақтөбе облысының намысын абыроймен қорғады.
Балым бұл байқауда «Вокал» номинациясы бойынша О.Қиынбаевтың сөзіне жазылған Ш. Уәлиханның «Туған ел» әнін орындап, 17 облыс, үш қаладан іріктелген 22 үміткердің арасынан жүлделі үшінші орынды қанжығалады.
Кенді өлкенің талантты бүлдіршіні байқаудың қола жүлдегері атанып, Алматы қаласы әкімінің 500 мың теңгелік сыйақысына ие болған. Одан қоса 28 маусымда өтетін «Азия даусы» халықаралық байқауына жолдама алды.
– Бірінші кезекте «Жас қанат» балалар байқауына қатысуға ниет білдірген 357 баланың ішінен Балымның іріктеуден өткеніне қуандым, – деді Балым Нысаналының анасы Динара. – Бұған дейін түрлі республикалық байқауларда қатысып жүрген қызымның бұл жолы да олжалы оралатынына сенімді болдым. Әрине, Алматы қаласында өткен ән жарысына баруға бізге ықпалдасқан бірқатар адамдар бар. Солардың ішінде Дөң тау-кен байыту комбинаты кәсіподақ ұйымының төрағасы Елтай Утегулов мырзаға рақметімді айтамын. Жолдасым осы кәсіпорынның тау-кен көлік тасымалдау цехында көлік жүргізушісі болып еңбек етеді. Қызметкерлерінің балаларына қолдау білдіріп, азматтық танытқан ұжымға көпбалалы ана ретінде алғысым шексіз.
«Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының кәсіподақ ұйымы жерлес әрі қызметкерлерінің өнерлі баласына қаржылық қолдау көрсетіп, өнер жолына сәттіліктер тілеп шығарып салған болатын. Жүлдемен оралған Балым Нысаналының биылғы жылғы ән байқауларының барлығына қатысуға ықыласы зор.
Еліміздің барлық облысынан келген жас таланттардың өнеріне республикалық эстрада шебері Әлібек Дінішев, «Жас қанат» байқауының бірінші Гран-при иегері Медеу Арынбаев, Жәния Әубәкірова, Динара Сұлтан, Байғали Серкебаев және басқа да белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері төрелік етті.
Арайлым Ғани
No comment