Биыл 28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні «Қазхром» компаниясында кең көлемде аталып өтті. Өнеркәсіп бөлімшелерінің цехішілік шаралары өз алдына, мектеп оқушыларына арналған «Қауіпсіздік – ол біз!» акциясы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Балалар назарын қауіпсіздікке бұрған шара Ақтөбе, Ақсу, Хромтау қалаларының үш мектебін қамтыды.

Филиалдардың еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік бөлімінің мамандары мектеп оқушыларына барып, қауіпсіздік ережелерімен таныстырды. Оларды құтқарушы-батырлармен кездестіріп, экскурсия ұйымдастырды.

         Дөң тау-кен байыту комбинатының маманы №7 мектеп-интернатының бесінші сыныбына қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, өнеркәсіпте қауіпсіздік қатаң сақталатынын айта өтті. Себебі кейбір оқушылардың ата-аналары кәсіпорында еңбек етеді. Олар үшін бұл маңызды ақпарат. Оқушылар қауіпсіздік үйден басталатындығын бірден түсінгендей, тақырыпқа сай қойылған сұрақтарға жылдам жауап беріп, ойларын ортаға салды.

Хромтау ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Дамир Ахатов пен оның әріптесі, Хромтау ауданы № 20 өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары, азаматтық қорғау капитаны Жасұлан Қажқайдар – акцияның басты қонақтары. Оқушылар өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың кәсіби жұмыстары туралы қызықты әңігемелерге қанық болды.

– Қауіпсіздік жас талғамайды. Жұмыста болсын, мектеп қабырғасында болсын, кез-келген жерде абайлап, сақ болу қажет. Қате аяқ асты. Мектептегі кезден қауіпсіздік ережелерін түсініп өссеңіздер, болашақта сіздер – үлкен жұмыс орныдарында алаңсыз, қауіпсіз еңбек үлгісін көрсетер мықты маманға айналасыздар. Өзіңізге ғана емес, қажет болған жағдайда өзгеге де көмектесе алатын боласыздар, — деді Дөң тау-кен байыту комбинаты еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі бөлімінің маманы Талғат Ұлмағамбетов.

Содан соң оқушылар комбинаттың құтқару бекетіне саяхат жасады. Сегіз тонна су таситын алып көліктер, өрт сөндіруші киімі, ұзындығы 20 метрге жететін өрт сөндіру жеңдері, 14 келілік өзін-өзі құтқарғыш құралы – оқушыларды қызықтыра түсті. Осы жабдықтың барлығы – шахталар мен өндірістік алаңдарда өрт немесе өзге де құтқару жұмыстары шыққанда қолданылатынына тамсанды.

– Менің әкем шахтада вагондармен кен тасиды. Әкем жұмыстан кешіксе алаңдаймын, ұйықтамай күтемін. Оның жұмысында қауіпсіздік ережелерінің маңызды екенін жақсы түсінемін. Бірақ мынандай арнайы топтың барын бірінші рет көріп тұрмын. Адамдарды құтқару үшін мұнда барлығы бар. Әйтсе де, қаупсіздік – өзімізден басталады, — деген бесінші сынып оқушысы Еркеназ Дулатқызы ақылдылығын көрсетті.

Ақсу ферроқорытпа зауытының мамандары моноқаланың №8 мектебіне барды. Бұл кездесудің басты кейіпкері – зауыттың өртке қарсы қызметінің ардагері Әлім Умиров. Ардагер балақайларға өрт қауіпсіздігі ережелерін кеңінен түсіндіріп берді. Одан соң кішкентай тыңдаушылар қарауыл басшысы Қамбар Ахмедьяновтың жетекшілігімен Ақсу ферроқорытпа зауытының өрт сөндіру бөліміне саяхаттады. Ондағы жеке қорғаныс құралдары, құтқарушылар тобы, өрт сөндіру көліктері оқушыларды таңғалдырмай қоймады.

Қалалық №26 мектебінде болған ақтөбелік әріптестер де оқушыларға қауіпсіздік туралы қызықты ашық сабақ өткізді. Сыныпқа үш бірдей ақтөбелік құтқарушылардың кіріп келуі – шараның ең қызықты жеріне айналды. Адам өмірін апаттардан арашалап жүрген батырлармен кездесуді оқушылар үшін тосын оқиға. Сала мамандары: Виктор Касавец, Рустам Жанкулов және Вадим Абельханов акция тақырыбына қатысты нұсқаулықтарды көрсетіп, мағыналы кездесуде пайдалы ақпараттар айтылды.

Біз құтқарған адамдардың 70%-ы балалар. Есіктері кілттеніп, абайсызда кәріз құдығына құлап, үйде өрт шығып, қатты ұйықтап кетіп, ата-аналарына есікті ашпай қалу секілді себептер көп, — деп құтқарушы Виктор Касавец 12 жылдық тәжірибесінен мысалдар келтірді. – Мұндай жағдайлар көптеп кездеседі. Сондықтан жауапты болыңдар.

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі бөлімінің мамандары оқушыларды металлургтермен де кездесуге шақырды. Өндірістегі қызу тірлікті бұрын-соңды еш жерде көрмеген балақайлар басқа әлемге енгендей күй кешті.

Қызметкерлер оларға зауыттың өрт сөндіру бөлімін және биіктікте жұмыс істеуге арналған алаңды көрсетті. Шара соңында металлургтермен кездесіп, олардың каскасын киіп көрді.

Акция аясында оқушылар көп сұрақтар қойды. Шара соңында балалар құтқарушылардың жұмыс орындарында «Сені үйде күтеміз!» деген жазуы бар ерекше әсер берер жапсырмаларды естелікке қалдырды. Қоржындарын қауіпсіздік ережелеріне толтырған балақайлар  кейіпкерлермен естелік суретке түсіп, жұмыстарына амандық тілеп, балалық тілектерін жеткізді.

Арайлым ҒАНИ

Гульмира КУЛЬТАЕВА

Елена ГОРДЕЕВА

No comment

Добавить комментарий